Аудан әкімі Арман Айдарұлы Сарыағаш қаласы, Самал мөлтек ауданындағы Қарақыз Монтаева көшесінде орналасқан Абу Али Ибн Сина жоғары колледжіне арнайы барып, нарық сұранысына сай кәсіби мамандықтар бойынша білім беретін жергілікті арнаулы оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Колледж директоры Кожабаева Эльмира Аманкуловна колледждің соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктерін тілге тиек етіп, студенттердің кәсіби мамандықтарымен таныстырды. Аралау барысында аудан басшысы колледждің оқу кабинеттерін, кітапхананы көріп, оқытушылармен, студенттермен сұхбаттасты. Арман Айдарұлы колледждің жұмысына оң баға беріп, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қоғамдағы маңызын атап өтті. Арман Айдарұлы колледжінің материалдық-техникалық базасымен танысты. Айта кетсек, бүгінгі таңда колледжде студенттердің заман талабына сай білім алуына толық жағдайлар жасалған. Колледжде студенттердің жан-жақты білім алуына арнайы компьютер бөлмесі, зертхана, оқу залы бар. Кітапхана, электрондық кітапхана, асхана және денсаулықтарын бақылап отыратын медициналық пункт жұмыс істейді. Студенттерге арналған жатақхана бар.
Колледжді аралау барысында аудан әкімі медицина саласының маңыздылығына тоқталып, студенттерге оқуда зейінді болуды тіледі.
– Тіршілік үшін судың маңызы қандай жоғары болса, адам өмірі үшін ақ халатты абзал жандардың рөлі өте жоғары екендігі айтпасақ та белгілі. Әсіресе қоғамда болып жатқан аты жаман індетпен күресуде дәрігерлердің қоғамдағы рөлі одан сайын айқындалып, дәрігерлердің еңбегі жоғары бағаланып жатқанын атап өтті аудан басшысы.