ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ ЖАНҒА ЖАЙЛЫ ШУАҒЫ

Жаңа жыл бүлдіршіндердің айрықша асыға күтетін мерекесі. Осы орайда 2020 жыл «Еріктілер жылына » орай алғашқы қадам ретінде «Жақсылықта жарысайық» атты қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Сарыағаш ауданы бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жартылай стационар түріндегі күндізгі қатынау орталығында жастар ресурстық орталығының және еріктілер клубының мүшелерінің (Абу Али Ибн Сина жоғары колледжі, Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжі, Арыстанбаб жоғары колледжі) ұйымдастыруымен өткен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңа жылдық шырша кешіне 80-ге жуық бүлдіршін қатысты.
            Жаңа жылдық кешке жастар ресурстық орталығының басшысы Қанат Иматов қатысып: «Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа 2020 жылда барлық арман-мақсаттарыңыз бен ақ тілек-ниетеріңіздің орындалуына тілектеспін! Әрқашан денсаулықтарыңыз мықты болып, ата-аналарыңыздың көңіл нұры мен көз қуанышына айналыңыздар. Аспандарыңыз ашық, болашақтарыңыз жарқын болып, жүздеріңізден шаттық кетпесін!»- деп мерекелік лебізін білдірді.
            Мұнан соң, балғындар Аяз ата мен Ақша қардан сыйлық алып, қуанышқа бөленді. Бүгінгі шарада бүлдіршіндерге әсем әндерін арнап, балғындардың қиялына қанат бітіріп, ертегілер әлемінің қаһармандары сомдалған түрлі ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетті. Қамкөңіл балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, олардың бойына өмірге деген құштарлық нәрін себу мақсатында ұйымдастырылған шарада балаларға мерекелік торт пен тәттілер, түрлі сыйлықтар үлестірілді.